Сағыныштан еріп жатыр жүрегім,
Ал күйіктен күйіп бітті етім де.
Мың шақырым жерден сені сүйемін,
Сен отырсың, мынау жердің бетін де.
Жаңа жауған аппақ қардай тілегім,
Жанның жалғыз жапырағы өзіңсің!
Алып-ұшып сені аңсайды жүрегім,
Зәмзәм сынды сарқылмайтын сезімсің!
Бақыттымын деп айтам да, күлемін,
Аз болғандай көрген, көрер азабым.
Мен, Шуағым, көрмесем де білемін,
Сенен асқан арулар жоқ, ғажабым!
Тірлігіме дем беретін тілегім,
Жүрегіме қалай тұрам иланбай?
Тұңғиық көз, жусан иіс, гүл ерін,
Қарашы, әне, нұрланды Ай!..
Ербол Бейілхан