Рухы арып көрмеген

 
Атың жалындағы ғұмырым,
Атанның жүгін көтерген.
Ардың жолындағы өмірім,
Иманға ұйып төселген.
Батырларым да дүр жасын,
Сөзге тоқтап тыйылған.
Жауға иілмес өр басым,
Сәждеге келіп жығылған.
Асқарда еді мекенім,
Естімей өскен сұйық ән.
Қалдырмай сүннет өтеуін,
Намазға келіп ұйыған.
Рухы арып көрмеген,
Тағдыры қатал сынаған.
Шайтани сөзге ермеген,
Аллаға сеніп жылаған.
Бабаларының мұрасы,
Балбал тастарға қашалған.
Баһадүр еді тумасы,
Қару сайлап, жасанған.
Далалық заңға бағынып,
Қаңғымаған жесірі.
Көзін сатып сабылып,
Жыламаған жетімі.
Жел сипаған кекілін,
Дұшпан сөз бастан аспаған.
Кесіп айтар бітімін,
Әділдіктен қашпаған.
Аллаһқа ерен құрметі,
Маһшарда туар жарық күн.
Мұхаммедтің үмбеті –
Қазақ деген халықпын!
 
Ербол Бейілхан
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *