Осылай қанық болып ән мен жырға,
Қонақтар шер толқытып, қанды сырға.
Әдейі басын қосып отыр бүгін,
Наркескен ер жігіттер, бір-бір тұлға.
Шығарар осылар ғой алаш атын,
Халқының қадірі мен парасатын.
Оқыды Әбдіқапар Орынбордан
Ахмет, Міржақыптың жазған хатын.
– Берілмей арзан күлкі, қылжаққа көп,
Бас қосып, шын харакет қылмақ керек.
Айтыпты ұран сөзін ұлағатты:
– Әзірлен, қамдан, халқым, құр жатпа! – деп.
Бұл хаттың әрбір жолы беріп қуат,
Көңілге құйғандай-ақ алтын шуақ.
Аз емес ғибраты түсінгенге,
Бар болса көретін көз, тыңдар құлақ.
Гулесіп азаматтар көшкен елдей,
Ағызды сөздің майын аққан селдей.
– Әттең-ай! – деді сонда Әбдіқапар,
– Әліби қалған екен нағып келмей?!
Деді де, Байқадамға бір қарады,
Байқадам мұны біліп мұңданады.
– Көп болды Мәскеу жаққа кеткеніне,
Жоқ содан әлі күнге бір хабары.
Әліби Байқадамға туыс еді,
Әуелден бір-біріне жуыс еді.
Бір көріп Әлібиді пікірлесу,
Ойға алған Әбекеңнің жұмысы еді.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ