Нарцисс туралы миф

 
Көптеген халықтардың мифтері бойынша, кейбір жануарлар тәрізді, өсімдіктердің де кейбіреулері адамнан пайда болған. Гректің өсімдіктер туралы ең танымал мифтерінің бірі – Нарцисс туралы миф. Нарцисс туған кезде, ата-анасы көріпкелге барып, оның тағдырын болжатады. Ұлдары өзінің түрін өзі көрмесе, қартайғанша өмір сүреді деген жауап алады. Нарцисс ғажайып сұлу жігіт болып өседі. Қыздар оған ғашық болып жүреді, бірақ ол ешкімге де назарын салмайды. Көп ұзамай одан қағажу көрген қыздар жазалау құдайы Немезидадан жігітті жазалауды өтінеді. Әйел құдай олардың дұғасын қабыл алады. Бір күні Нарцисс аң аулаудан қайтып келе жатып, шөлін қандыру үшін қайнар бұлаққа еңкейеді. Жас жігіт өзінің судағы бейнесін көріп, өз бет-жүзінің сұлулығына елітіп сала береді. Сәлден соң бойынан әл-дәрмені кетіп, өзінің бейнесінен көзін ала алмай тұра береді. Нарцисс өзіне-өзі ғашық болып құсадан өледі. Бірнеше күн өткен соң, су жағасындағы өлген адамның денесі жатқан орыннан тамаша бір аппақ гүл табылыпты. Адамдар ол гүлді қаза болған жігіттің құрметіне нарцисс деп атапты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *