Ұл едім мен баталы,
Сөз тыңдаған аталы.
Шақшадай шар басыма,
Атан шөгіп жатады.
Күзгі ағаштай тоналып,
Тозып. Көктеп. Жаңарып.
Ақылменен кеңесіп,
Ойда отырам, омалып.
Шыңға қиял қондырам,
Қалықтайды ән-қыран.
Ақсұңқардай ұшам да,
Қазанаттай болдырам.
Көпті білер көнедей,
Жел тербеген кемедей.
Қылыш сөзді ойнатам,
Жауға атылар жебедей.
Асаулығым құландай,
Алғырлығым қырандай.
Серт беріскен досыма,
Адалдығым – Құрандай!
Шамырқансам, жасынмын,
Ұғар болсаң, ақылмын.
Сырласы аз, сыры көп,
Ербол деген ақынмын.
Мода қуып көрген жоқ,
Көпке еліктеп өлеңім.
Арам сөзге ергем жоқ,
Адал жүріп келемін!
Ербол Бейілхан