МАХАМБЕТ ПЕН ЖӘҢГІРДІҢ ЖАУАПТАСУЫ

Махамбет:
– Өрнектеп өлеңімді түрлеп едім,
Көңілді бірге жүріп бірлеп едім.
Асауды бала жастан ерттеп мініп,
Атылған ай астынан сұр жебе едім.
Жәңгір:
– Атыңды естіп едім бала жастан,
Кемді күн кезіміз бар араласқан.
Бұл заман алмағайып болған кезде,
Қай тағдыр басқа жаққа ала қашқан?!
Махамбет:–
Кәпір деп есептеймін орысыңды,
Орысқа ойрандатып қонысыңды.
Төре боп төбемізге шығып алдың,
Қараға бермей қойдың қол ұшыңды.
Жәңгір:
– Махамбет, енді маған маңайлама,
Айтасың қарсы тұрып қалай ғана?!
Сен түгіл қаңғып келген…
Бере алмаймын,
Бұл жерді
Беріш,
Шеркеш,
Адайға да!
Махамбет:
– Түбінде деп жүруші ем түсінерсің,
Өзіңмен Махамбеттің ісі болсын!
Ендігі кездесер жер,
Ант етемін –
Ат үсті,
Ақ найзаның ұшы болсын!
Жәңгір:
– Түбіңді деп жүруші ем асыл болар,
Ісіміз енді біздің насыр болар.
Ұмсынған маған деген қара найзаң
Өзіңе қайтып барып – басыңды алар!
Махамбет:
– Сөзіңе шыдай алман ашындырған,
Ісіңе шыдай алман басындырған.
Патшаның ала добы сенің басың,
Ал менің халқым үшін басым құрбан!
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *