Күндері қақтығыстың таяған-ды,
Қантөгіс қобалжытпас қай адамды.
Бәкеңе көмекші ғып қосып қойды,
Жас ұста, жетім бала Аяғанды.
Тамырын әр нәрсенің басып, аңдап.
Торғайды ойлары бар басып алмақ.
Өздері оқ-дәріні жасап жатыр,
«Дәбейден» көк қорғасын тасымалдап.
Жасырын жар астында ұстахана,
Талайға күні-түні болған пана.
Сарбаздар бір-бір мылтық алып жатыр.
– Құдайым, қолдай гөр, – деп, – хақ тағала!
Көбейіп Әбдіғапар айналасы,
Жасырын қалың әскер сай-саласы.
Ішінде қара да бар, төре де бар,
Демейді мынау кедей, бай баласы.
Түгендеп Әбдіғапар қыпшақ жағын,
Жасақтың жасап қойды біраз қамын.
Аз емес арасында кіші жүздер,
Шөмекей, шекті, жаппас, тама, табын.
Арғындар әзір ыңғай берер емес,
Боп жатыр арасында нелер егес.
Қорғанбек, Дәуренбектің тұқымдары,
Айтқанға алдарқатып көнер емес.
Дау-дамай арасында жанжалы көп,
Торғайдың бер жағы боп, әр жағы боп.
Ұрпағы ұмытпаған шығар әлі,
Шен алған ақ патшадан ер Жәнібек.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ