Кейкіжан, сен әзірге бала мерген,
Дәм таттың тау-тас кезіп талай жерден
«У іш сең – руыңмен» деген сөз бар,
Ешқашан бөлінбесін іргең елден.
Соны айтып қыз әкесі қолын жайды,
Қосқандай бір-біріне құлын-тайды.
…Аттанып аң аулауға кетті екеуі,
Қосылып бірге шырқап «Қалқатайды».
***
Жағасы Қараторғай қалың ағаш,
Жалғасқан одан әрі тау менен тас.
Таңғалды Кейкі жары – Ақжан ару,
Бұл жерді өз көзімен көріп алғаш.
Кең дала кешіп кетсең гүл алқабы,
Көруге жас келіншек құмартады.
Тұрғандай бір-біріне белгі беріп,
«Екі дің» екі жақтан мұнартады.
«Көртоғай» көрінеді ойлау жерде,
Сыңсыған жасыл орман қойнау, белде.
Бір қызық киік атып көрмек болып,
Қос атты бет түзеді «Жайлаукөлге».
Екеуі «Жайлаукөлге» бетін жуып,
Келгендей жолаушылап жүріп суыт.
Елегзіп ен далада екеуі де,
Ойнады бірі – қашып, бірі – қуып.
Ойнайды бірі – қашып, бірі – жетпей,
Ойды орап, сай сағалап, қырды көктей.
Кейде Ақжан бір қуысқа кіріп алып,
Жатады жасырынып қыбыр етпей.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ