Сұр аты бар еді ағам Тоқтағанның,
Тіл-көзі тасқа тисін мақтағанның.
Бәйгеде алдына ат салмаушы еді,
Кім білсін, ат шабарын, бап шабарын.
Тұрқы да сұлу-ақ еді, мақтағандай,
Көркіне көз тоймайтын баптағанда-ай!
Жарыста жеке дара көсілетін,
Төрт аяқты тең тастап, ақтабандай!
Ойғырдың ат шабушы ек, арнасымен,
Ата салт үзілместен жалғасып ең.
Баласы біздің жақтың ерте есейер,
Төрт жаста-ақ ат жалына жармасумен.
Ой жарыс жасау қиын далалықпен,
Даланың тумалары дана біткен.
Аламанның ортасын ерте көріп,
Қоштастық біз ертерек балалықпен.
Ел едік, жаз жайлауда жырды үзбеген,
Бозбалаға жаман ат мінгізбеген.
Ат үстінде ғаламдық кітап оқып,
Ер үстінде сырласқан жұлдызбенен.
Үстінде қанат бітер сұр атымның.
Шабандоз бала болдым, мұратым мың.
Жүйріктің жүйріктігін сағынумен,
Қаншама арман күнді қыр асырдым.
Ер атын мінер болар тағалатып,
Кигізер күміс жүген бағалатып.
Құранды ер, әбзелімен – аттың көркі,
Ат тұрса ауыздықпен жағаласып.
Күміс ерге жарасар өмілдірік,
Құйрық-жалын мінуші ек төгілдіріп.
Таң асырған тарланмен жортушы едік,
Қара терге малшынтып, шомылдырып.
Жүйрік міну, бұл күнде арман әнім,
Бота тірсек, сұр жүйрік қайда қалдың?
Тақымымды бұл қала аштырмайды,
Астымдағы «LEXUS» айдағаным.
Қырда туып, осылай ойда өсіп ем,
Тарпаң басып, мендағы жалды есіп ем.
Топты көрсем, сұр аттай елеңдеймін,
Жүлде алғым кеп өмірдің бәйгесінен…
Ербол Бейілхан