Мен өлмеймін, менікі де өлмейді…
Мағжан Жұмабай.
Мағжанға!
Жаны сұлуым, ары сұлуым, арысым.
Тәкәппарым-ау, талғампазым-ау, барысым!
Айтарын айтқан, азуы алты қарысым,
Арыстан жүрек, жолбарыс қайрат, намысым!
Қырғидай жылдам, тотыдай сылаң, қырағым,
Тұйғындай түйін, сұңқардай батыл қыраным!
Үкідей үлпек, ұлардай үркек сезімді,
Жазира ойлы, назира жырлы, ұланым!
Даладай дархан, алқамда-салқам кеңдігім,
Азат ойлым-ау, азап жолдым-ау, теңдігім.
Қияға шапқан, Алашын баққан, ұлтшылым,
Әділін айтқан, Үмітін жаққан, өрлігім!
Мылтықтай берен, теңіздей түпсіз, тереңім,
Ғаламды шарлап, қалықтап кетті өлеңің.
Басын бұлт шалған бәйтерек сынды терегім,
Ақылман ойлы, абыз ауызды кемелім.
Бәйге бермеген, Айға өрлеген, тұлпарым,
Бұлбұл дауысты, бөкен тынысты шырқарым!
Арманға айналған, көрген байланған, іңкәрім,
Қиядан шалған, қиырдан алған, сұңқарым!
Өкпесі қозбас, тұяғы тозбас, жүйрігім,
Құлжадай басы, ормандай қасы, тұйғыным!
Сезім арбаған, сері көңілдің сертімен,
Сүйетін едің туған еліңді, қыр гүлін.
Ителгі құстай иілмей кеткен, батырым,
Алмастай өткір, гауһардай жақұт, асылым.
Ғажап теңеулі, сыршыл өлеңді ақыным,
Жоқтап тұр Сізді, Қазағың – елің, ғасырың!..
Ербол Бейілхан