Ермен тауда, ермен иісі аңқыған,
Бозға оранған, боз жусанды боз дала.
Сегіз қыздың қойнын ашып шалқыған,
Иманжүсіп Құтпанұлы, Сіз ғана!..
Ас болған ба Сағынайдың асындай?
Нұрмағанбет соңы, бәлкім, паңдықтың.
Ат болмаған Ақан сері атындай,
Батыраштың балтасынан қан жұттың?!
Аққу ұшқан көлі қайда Қусақтың?
Отаршылдық, лағынет мәңгіге…
Арыласың ұлттан қашан, құрсақ мұң,
Айтыласың қашан ойлы әңгіме?..
Суы бүгін азайыпты Шорманның,
Жағалауын мекен етіп Олжабай.
Әнін салып Жаяу Мұса Байжанның,
Маңыраймын жалғыз қалған құлжадай.
Ерейменнен мұзбалақ жыр ұшырдым,
Атыңды айтып Күнге, Айға, Гүлге де.
Өлең атты аласармас құсыңмын,
Сартап болған, сағыныштан шілдеде…
Ербол Бейілхан