Бір ғанибет дүнием бар – өлең деген,
Жасымнан сырлас едім өнерменен.
Қазағым, қазынаңды қасықтап ем,
Қазан толса, шөміштеп берем дегем.
Бір ғажап дүнием бар – сенім деген,
Болмайды бөтен сөзге еру деген.
Ақыл-қайрақ, намысты қылыш етем,
Дүние өзгере ме, езілгеннен?
Бір асқақ дүнием бар – арман деген,
Түсімде Айға шапқан арлан көрем.
Бабалар арман еткен ұрпағымын,
Үзбестен дәстүріңді жалғай берем!
Бір сырлы дүнием бар – сезім деген,
Сезімнің аппақ құсы – өзің дер ем!
Мың тыртық, жараланған жүрек батыр,
Күресіп жатыр білем сезімдермен.
Бір алдар дүнием бар – өмір деген,
Асылдар қайда кетті көзін көрген?
Бәріміз жер бетінің – қонағымыз,
Раббым өлу үшін өмір берген.
Ербол Бейілхан