СЕРЕНАДА

 
Сәттiк қана сырласқанда мұң мен мұң,
Сүйiп және сағынып та үлгердiм.
Сезiмталға түрме сынды тiрлiкте,
Сенсiз қалай өмiр сүрiп жүргенмiн.
Ешкiм жақсы көрмедi шын демесең,
Ерке едiм, ессiз тағы емес ем…
Ендi екеумiз болайық деп бақытты,
Елден ерек елжiредiң неге сен?
Нәркес көзден көрдiм нәзiк нұр гүлiн,
Нәрестедей қылықтым сол, құлдығым!
Неге маған дәлелдеуге тырыстың,
Нағыз ғашықтықтың болатындығын?!
Ми мен жүрек тапқанынша қорегiн,
Мазамды алып болған жоқ па Көр, Өлiм…
Махаббатқа басымды имеу арқылы,
Мәңгiлiктi мойындатсам деп едiм…
Ертеңгiге апара ма алдыңғы iз,
Ендi емеспiз жалқы жiгiт, жалғыз қыз…
Ертегiге ұқсас ғұмыр кешкен жан,
Ел iшiнде екеу болса, ол–
Бiзбiз!
Нарқын өмiр арттырғанмен он есе,
Намыссызға берген емес ел есе…
Нартәуекел, кел iшейiк қосылып,
Неке суын… бiр жұтым у немесе!
 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *