Қалай?!.

Қалай?!.
Қайтіп айрылдық асылдардан –
Мұқағали,
Төлеген,
Қасымдардан.
Анау жылдар аштықтан өлген жұртты
Енді өлтіріп алмайық ашынғаннан.
Енді өлтіріп алмайық күйінгеннен,
Айтар сөзі алқымға түйілгеннен.
Нағыз жаулар жалтылдар түн ішінде,
Нағыз емен сынбайды иілгенмен.
Талақ қылып тайталас сезімдерді,
Анасына қайта қос безінгенді.
Құлағанды тұрғызып,
Жылағанды
Жұбататын дәл қазір кезім келді.
Жара біткен жарылсын өзегінен,
Тоқыраудың арылсын кезеңінен.
Ақиқатты айттырып ақындарға
Дүние дерті жазылсын сөз емімен.
Түспесін деп басқа – дерт, Отанға – уайым,
Ақсақалдан алатын батам дайын.
Амандығыңды тілеймін,
Аруананың
артындағы боздаған ботаңдайын!

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *