Сынақ!

Сынақ!
Сынақ менің ғана білерім,
Кетіргендей қара жердің реңін.
Бас айналып,
Қос құлағым шыңылдап,
Миым мұздап,
Сыздайтындай жүрегім.
Жан біткеннің ет-жүрегін шымшылап,
Қайта-қайта тынбай қойды-ау бұл сынақ.
Үйшігіне бассауғалап тығылар,
Иттің өзі шыдай алмай қыңсылап.
Көл шайқалып,
Бел жатқанда бусанып,
Көңіл шіркін әлденеге сусады…
Тамырынан түсті ме екен қиылып
Жуас қырдың желкілдеген жусаны?!
Жайшылықта басын тігер кім оққа?
(Шыдаған жан түсер бірақ шын отқа!)
…Қара жердің қасиетіне тәнтімін
Халқым үшін төзе білген сынаққа!
Жасыл белдің жыртылғанда желегі,
Қажет боп тұр енді соның төлемі.
Қырық жылдай ұшыратып қырғынға,
«Кәмпит» беріп алдағысы келеді!
Бәрі тынды!
Бәрі тынды дегенмен,
Тым құтылып кеткен жоқпыз көгеннен.
Қайран Елім!
Болар күнің бар ма екен
Көсемі бар… көсегесі көгерген?!.
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *