СОНАУ ЖЫЛЫ… «КЕҢСАЙДАҒЫ» ЗИРАТТА

Сонау жылы…
«Кеңсайдағы» зиратты
Бұзақылар быт-шыт қылып қиратты!..
Өліктерін сыйлайтұғын өзгеше
Халқымды да, салтымды да қинапты.
Бір-біріне жау болды ма бұл адам,
Қорықпады ма аруақтан – күнәдан.
Мәңгілікке белгі қылып орнатқан
Қанша тұғыр – тас мүсіндер құлаған.
Достық емес,
Қастық қылып – қате еткен,
Кімдер екен мұсылманды жат еткен.
Бір мүсіннің маңдайынан оқ тиіп,
Бір мүсіннің қолын жұлып әкеткен.
Содан кейін… қарақшылар қара үзіп,
Хабар жетті әрі суыт, әрі үзік…
Бір мүсіннің басын жарып тастаған,
Бір мүсіннің көзін кеткен «ағызып».
Неткен зауал,
Неткен зұлмат, зұлымдық,
Неге мұнша бұзылдық та бүліндік?!
Сырт жау емес, бұл сұмдықты жасаған
Не де болса іштен шыққан «жұлынқұрт».
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *