Сатып алады
Сұрамай –
Өзенің, тауың, көліңді.
Кім екен бүйтіп,
Құдай-ай,
Қор қылып қойған Елімді?..
Көңілден кетпей көп күдік,
Таба алмай дертке дауаңды.
Сатып алады
Жоқ қылып –
Жұтатын жұпар ауаңды.
Тұлпарды теліп мәстекке,
Сұрамас сенің халіңді.
Сатып алады
Әп-сәтте –
Мың жылғы жиған малыңды.
Құрысын бүйткен тірлігі,
Сатып алады бәріңді!
Сатып алады
Бір күні –
Жаныңда жатқан жарыңды!
Тізесін әбден батырып,
Тынысым мүлде тарылды!
Сатып алады
ақыры –
Намысың менен арыңды!
Ақ пенен қара арбасып,
Қанаты күйген көбелек…
Сонан соң
Сенің шер басып,
Тірі жүргенің не керек?!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ