НАУРЫЗҒА НАЗ

Біз асқан асу, тау-құз көп,
Мерт қылып махаббатымды…
Жетпіс жыл бойы
«Наурыз» деп
Айтқызбай қойды атыңды.
Жетпіс жыл жуып жанарды
Кеудемде қайғым қамалып.
«Наурызбай» десем,
баламды,
Соңыма түсті шам алып.
Шаба алмай жүйткіп-көсіліп,
Өзімнен өзім түңілдім.
Наурыздың атын өшіріп,
Миыма «март» деп сіңірдім.
Сұрқия шошыр сұрынан,
Қанымды қыз-қыз қайнаттым.
Өзінің Айы, Жылынан
Айырылып қалған бейбақпын.
Торланып бұлтқа аспаным,
Қан жұтты елім қамығып.
Біздікі емес,
Басқаның
Шапанын келдім жамылып.
 
 
 

СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *