Арада жылдар салып Сырға бардым,
Сан тарау көрдім сұлу жылғаларын.
Қыдырып құмдарында құлыншақтай
Жаңғыртып кеттім кезіп ну орманын.
Өзімнің көрдім барып мектебімді,
Көзіме қайта әкелді өткен күнді.
Досыммен осыдан бір аттанып ек,
Құрсанып тұла бойға көк темірді.
Жаңа өмір жазыменен бір жаңарып,
Өсіпті ақ қайың да тұлғаланып.
Түбінде отыратын Роза қыз,
Қанатын жас бұлбұлдай жырға малып.
Есімде әдебиет үйірмесі,
Болатын онда жиі жыр кеңесі.
Оқитын өлеңдерін жас ақындар
Жүйріктей дуда қызып делебесі.
Ақын дос көз алдымда сол кездегі
Кейде ауыр, кейде албырт мінездері.
Шығатын кейде қатты, кейде баяу,
Құйқылжып құлағымда тұр сөздері.
Көрдім мен жағалауда тұрып бәрін,
Даласын, көк мауыты бұлттарын.
Оралмай қалған ақын досым үшін
Толтыра Сыр суынан бір ұрттадым.
Сырбай Мәуленов