Азабына төзіп едім сынақтың,
Мазағына төзе алатын емеспін!
«Сынақ тынды!
Сынақ тынды!» десек те,
Әлі күнге алқынады қос өкпе.
Алданғанын,
Арбалғанын халқымның
Алған кім бар,
Салған кім бар есепке?!
Сынақ тынды…
Сынақ тынды, сонда да…
Қарауыл тұр қанаттарын қомдаған.
Жарақаттап жүрегімді – жанымды,
Жар астында жасырынған оңбаған.
Сынақ тынды!
Мен де тыным табайын,
Күттім сені ағарғанша самайым.
Тақиясын лақтырып аспанға,
Сүйінші сұрап келіп жатыр ағайын.
Сынақ тынды!
Рас болса тынғаны,
Қалды, әйтеуір, туған елдің қу жаны.
Қанша жылдар
Қабырғасы қақырап,
Қанша жылдар
Қаусағаны, сынғаны.
Быт-шыт болды қазағымның картасы –
Тілім-тілім тауы-тасы, жартасы.
Аждаһаның үні тынса,
Амалсыз…
Ол да болса –
Олжасымның арқасы!
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ