Біздің анау Нарында
Бір төбелер бар еді
Айналасы ат шаптырса жеткісіз.
Қиқулап ұшқан қырғауыл,
Күнінде құлан да басып өткісіз.
Ерте келген жақсылар
Кешке үйіне кеткісіз.
Қойды мыңға толтырған
Нарынның ана құмдары.
Түйені жүзге толтырған
Көкпекті, шайыр, шымдары.
Жатып қалған тайлағы
Жардай атан болған жер!
Жабағылы тоқтысы
Қой болып, қора толған жер!
Аш-арығым тойған жер,
Жылаған бала қойған жер.
Шортаны қара бақандай,
Бақасы сары атандай,
Балдырғаны білектей,
Баттауығы жүректей,
Қымыздығы күректей,
Сонасы қоңыр үйректей.
Ондай қоныс маған жоқ,
Құдай қылды, амал жоқ.
Махамбет Өтемісұлы