ЖОҒАЛҒАН АҚША

– Дәркенжан, – деді жан көкем,
– Дәркенжан, – деді.
– Әу, – дедім.
Апыр-ай не боп қалды екен,
Дірілдей шықты сәл демім.
Көкем ғой біздің бір емес,
Иесі екі шаңырақтың.
Сұм соғыс кеше, сұм елес
Қалтқысы етіп қармақтың
 
Әулетімізді арбапты,
Әйтсе де жұта алмапты,
Көкемді бізге «сыйлапты»,
Көкеме «сыйлап» балдақты.
Бір әулет бес-он баламыз,
Көкем ғой біздің панамыз.
Тұлдырсыз дағы емеспіз,
Тұғырсыз дағы емеспіз,
Жетім біз және демеспіз,
Жетіліп ертең кеткен соң,
Көкеме серік боламыз!
Сол көкем менің – жан көкем,
Не айтпақ болып қалды екен.
Жалт қарай бердім жүзіне,
Жабырқау ойы бар ма екен?!
Жо-жо-жоқ, көкем көңілді,
Өзіне-өзі сенімді,
Иінін бүгін тік ұстап,
Басқаша маған көрінді,
Басқармаға ұқсап көрінді.
Сенекке ілген селдір ау,
Торынан тамшы үзіліп,
Босаға жақта бір бұрау
Ақ балық жатты тізіліп.
«Бұл дағы біздің несібе –
Көкемнің маңдай тері-ау» деп,
Жалғыздығымен есіме
Соңына ерген бір әулет
Есіме сол сәт түскенмен,
Қолымда, әттең, жоқ қайрат.
Көкемді аяп іштей мен
Көрсетуші едім сыртқа айбат.
Сол кезде көкем қалтадан
Бір бума ақша суырды.
– Сендер деп, қалқам, мал табам, –
Деді де, сәл-пәл кідірді…
Қып-қызыл қағаз жұтынып,
Қып-қызыл шоқ боп қозғандай.
Көкем де шырт-шырт түкіріп,
Санайды келіп көзді арбай.
– Беріп еді колхоз еңбеккүн,
Еңбегің жерде қалған ба?!
Мен үшін көкем жер-көктің
Ең үлкен Ері жалғанда.
– Уполминзагқа қарыз ем,
Мә, он сом, – деді, – ал, заула!
Қып-қызыл қағаз – қызыл шоқ
Қолымды қарып кеткендей.
Құйындай менің ізім жоқ
Құмдауыт жаға бетті өрлей,
Үстімде сырма көк шапан,
Қалтамда қызыл он сомдық.
Бұл байлық жұртта жоққа тән,
Ентігім қатты, еңсем тік.
Зауладым дейсің зымырап,
Бататын күнмен жарысып,
Қақпаны қақтым бір уақ
Өкпені қолға ала ұшып.
Қақпаны қақтым…Қалт тоқтап,
Қалтамды қалдым қармалап.
 
Жүрегім қалды сәт тоқтап,
Ақша жоқ, ақша, ал, ғажап!..
Ақша жоқ, ақша, жоқ он сом,
Ал, көке, енді маған сен,
Тапқаныңды біз шашайық,
Жоғымызды бар ғып жамаушы ең.
Ұяттан жанып, қызынып,
Қылғынуға да шақ қалдым.
«Япыр-ай, – дедім кіжініп, –
Ақшаны ойлап тапқан кім?..»
Бір тілім қағаз қарыз боп,
Қамыт боп сәби мойныма,
Жолымды әрі-бері іздеп,
Жыладым үйге қайрыла.
Жан көкем даусы құлақта:
«Сендер деп, қалқам, мал табам».
…Өзіне жайлы жырақта
Туыпты жаңа Ай шалқадан
* * *
Туыпты жаңа Ай қырынан
Сынған бір семсер шетіндей.
Шаңытады аспан шытынап,
Осынау көлдің бетіндей.
Ауыл шеті. Аулақта
Ымырт та түсіп келеді…
Құмарым болмай қол допқа,
Қабағым тарта береді.
 
– Кетемін, – дедім үйге мен,
Командир Жеңіс «жоқ» деді.
Шапанымды алдым, кимелеп
Қақпаға бергі шеттегі.
Былтырғы сырма көк шапан,
Биыл да кигем үстіме.
Төзімді киім басқадан,
Киемін үш-төрт қыс, міне…
Көнетоз киім болғасын,
Қақпаны қоям белгілеп
Еңбеккүн көкем алғасын,
Кимеспін деймін енді көп.
– Кетемін, – дедім, тез іле,
– Кетпейсің, – деді командир.
– Командир болсаң өзіңе,
Мен солдат емес, әрмен жүр.
Итеріп қалдым.
Шалт адам
Шалқая беріп керілген.
Мен ұстап қалдым қалтадан,
Ол ұстап қалды өңірден.
Мен дағы қалдым сілкісіп,
Командир болмақ мәрт адам.
Екі ашу келіп жұлқысып,
Дар етті шапан қалтадан.
Шоқ ыршып түскен секілді,
Қып-қызыл қағаз түсті ыршып.
Көк мұзға төсеп бетімді
Құладым мен де тіл қыршып.
Құладым дағы, жыладым,
Жыладым дейсің селкілдеп.
Жалынып Жеңіс сұрады:
– Тұрсайшы, тұршы, бол, тұр, – деп.
Жоғалған ақшаны уыстап,
Бойымнан балқып от еріп.
Адалдық туын тік ұстап,
Жығылып жаттым көтеріп.

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *