Ереулі атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шолмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай.
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей.
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей.
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп түс қашпай,
Тебіңгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?
Махамбет Өтемісұлы