Табанында тесік өкпе тозса қар,
Жазғытұрым жылайды екен бозша тал.
Жаңбыры жоқ көк аспанға телміріп,
Сағымы жоқ көкжиекке көз сатар.
Алты ай қыстан қақ тілініп қабығы,
Дің – өзектен білеуленіп тамыры,
Белін бұрап бозша талдың өтеді
Атан жығар азулы жел әмірі.
Бұтақтары күрт сынадай күлдіреп,
Қабықтары көк етіндей үлбіреп,
Жылап тұрып жасар сонда бозша тал,
Тірлік – тыныс, тірлік – қимыл, тірлік – еп.
Бұл – Өліара.
Бұл бір мысал – қас қағым,
Содан кейін иіп берер аспаның.
Көкжиекке дала күрмеп көк сағым,
Бозша талдың көрерсің бүр ашқанын.
Беу, Махаббат!
Бозша талың болайық,
Өліараның сынауына шыдайық.
Тал екеш тал жылап тұрып күрессе,
Күресейік Махаббатқа лайық!
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ