Бала едік біз елде өскен,
Жар жағалап көл кешкен.
Тұлымымызды күн сүйіп,
Тұсауымызды жел кескен.
Соғыстан кейін шыр етіп,
Өркенбіз өртең жерге өскен.
Тың көтерген жыл трактор
Тіркемесіне мінгескен,
Бала едік біз елде өскен.
Бала едік біз елде өскен,
Қой жайып қырат, дөң кешкен.
Жаңбырда жазда қойы ығып,
Заматта жазым сел кешкен.
Ғарышты адам айналған
Асқанда біздер он бестен.
Қиялымыздың тұсауын
Ғасырлық ғажап – сол кескен,
Бала едік біз елде өскен.
Бала едік біз елде өскен,
Шалғын мен сортаң, сор кешкен.
«Тағдырымыздың еншісі
Тыныштық болса сол» дескен.
Тірліктің басқа талқысы
Тай-құлын, тәйірі, қолда өскен.
Жетпісімен ғасырдың
Осындай оймен тілдескен,
Бала едік біз елде өскен.
Он жеті жасқа толғанда
Далаға қарай ынтығып,
Қалаға қарай жол кешкен,
Бала едік біз елде өскен.
Бала едік біз елде өскен,
Тағдырдан тәлкек көрместен,
Заманмен еркін тілдескен,
Қоғамыменен бірге өскен,
Уақытпен сыры үндескен,
Бала едік біз елде өскен.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ