– Ассалаумағалейкум, алдияр хан,
Қорқады өлім десе шыбындай жан.
Сыйынып бір құдайға сөз сөйлейін,
Тіліме жәрдем болғай бір Алладан.
Әуелі, пәруәрдігер, сені айтамын,
Жаратқан иемді айтпай кімді айтамын.
Той қылып қара қазақ әркім де айтар,
Бұл тойда топтан озған мен айтамын.
Сөйлемес бөтен қазақ мен тұрғанда,
Аузымда тәңір берген жел тұрғанда.
Мен кімге сөз сөйле деп жалынамын,
Өлеңім айтатұғын кеп тұрғанда.
Құдайым қуат бергей таңдайыма,
Әр түрлі өлең келді жағдайыма.
Тойында Баекемнің сөз сөйлейін,
Бітпесе есек желі маңдайыма.
Баекеңнің баласында жаман бар ма,
Баласын жаман деуге заман бар ма?
Той етіп, қыз ұзатпақ хақ бұйрығы,
Болған соң хақ бұйрығы амал бар ма?
Атаңыз қиналады кетеді деп,
Қайсы қыз шырағыма жетеді деп.
Көшкенде көштің көркі көгершінім,
Қадірі қайтсе мұның өтеді деп.
Атаңыз қиналады сіз кеткенге,
Көзінің қарашығы қыз кеткенге.
Табылмас Баекеме сіздей бала,
Алты жүз арғымақпен іздеткенде.
Атаңның қиналғанын көріп келдің,
Май салған қорғасындай еріп келдің.
Ау-ата, Ау-анадан қалған жол ғой,
Насихат білгенімше беріп келдім.
Той өтіп, қыз ұзатпақ хақ бұйрығы,
Адам мен Хауананың тап бұйрығы.
Біздерге жеңешең де еріп келген,
Біреудің әспеттеген ақ құйрығы.
Той өтсе әдепсіз қыз көп жылайды,
Айтсын деп бауырмал қыз деп жылайды.
Той өтіп, қыз ұзатпақ хақ бұйрығы,
Болған соң хақ бұйрығы деп жылайды.
Алғаның хан Жәңгірдей бақытты болсын,
Алтыннан күмістеген тақты болсын.
Ақ үйің ойда тұрған қырға қонсын,
Ақ тісің аузыңды ашсаң нұрға толсын.
Үйіңе үлде менен бүлде толсын,
Болмаса күндіз пұрсат, түнде толсын.
Жасаған айтқан сөзім түс келтіріп,
Үйіңе Қызыр-Ілияс күнде қонсын.
Басыңды қоса берме төменменен,
Семірмес қаз ормаса жегенменен.
Алдыңда аз ғана сөз, әңгіме айттым,
Асылдың азы жақсы дегенменен.
Атан түйе тарта ма тас артқан соң,
Тасын неғып көтерсін баса артқан соң.
Тақсыр-ау, қылған қайырың сел болмай ма,
Өзің беріп, өзің шашалтқан соң.
Шернияз Жарылғасұлы