Тәңірден, деп, таңғы асым,
төсегімнен тұрамын.
Тіршіліктің арбасын
тұра жолға бұрамын.
Атым жүрдек, арбам бос,
ағып бара жатамын,
арсалаңдап қалған, дос,
азайды ма қатарың?..
Өзің қамқор бол, аға,
жігіт едім жолы ауыр.
Қарсы алар ма қонаға
қайырымы мол ауыл?!.
Шаң-тозаң да ілесер, –
шықтың ба, деп алға сәл, –
Шабалаңдап бір есер
шаужайыңа жармасар.
Көңілімді тең бөліп,
ұсынбадым елге мен.
Жақсыларға қол беріп,
Жаманға жол бермеп ем.
Туған елдің түбінде
бір сенгені мен ем деп,
құлақ түрем дүбірге,
күбірге де елеңдеп.
Жолдан шығып қалған ба,
жақсыларым бүгін сәл? –
Орын болса арбаңда
осылардың жүгін сал.
Жығылса да, қарғам-ау,
Жырындының жүні сәл, –
Өшпей тұрған бар ма дау –
өршітуге тырысар.
Алға түсіп бүлкілдер,
айналдырып түр-өңін, –
біледі ғой шіркіндер,
қайда барып кірерін…
Танып қалып мен демде,
(тағы тосып тұр екен,)
қараларын көргенде,
қайырылмай бір өтем.
Жақсылығын асырғам,
жамандығын жасырғам,
ораздының ұлына
орын сайлап қасымнан.
Ептісі де жармасар,
беттісі де жармасар,
арба жүгі ауырлап,
ат сауырын шаң басар.
Шоқпар сілтеп,
сыртымнан
жауласуға барса да,
ұрандаса ұмтылған
ұятсыздар қаншама.
Халімді ұғар бар ма дос,
таңдайыма татыр кім?
Ат болдырған, арба бос,
әлі келе жатырмын.
Сәкен Иманасов