Быт-шыт болып, бытыраған ой мынау,
таңға дейін түк жаза алмай қойдым-ау!,
…Өлең деген ару шығар деуші ем мен
сымбаттылау, сұңғақ қана бойлылау…
Озып барып, орта жолдан килігем,
қыран болып, қия тұстан шүйлігем, –
деген едім, болмады ғой,
болмады,
өлең жолы осыншалық қилы ма ең!?
Өмір бойы аңдысу ма ол деген,
қанды су ма –
кісіге өткел бермеген,
қылаң еткен бір биіктің басына
қарлығаштай қалқып шыға келмек ем!
Қанша кете қойды дейсің жұрт артып,
қиындық жоқ діңкемізді құртар түк,
шоқытып-ақ шыға келем деген ем,
шабдарымды шаптан ала бір тартып!
Амал қанша, алдырмады адырлар,
маңдай тұстан атпай қойды таңым дәл,
Көз ұшында кетіп бара жатты әлі –
Мұқағали, Тұманбай бар, Қадыр бар.
Одан әрі қолын бұлғап Қасым нән,
дүрілдейді, даңқын елден асырған,
жалғыз барып жайламаққа бір тауды
Жұмекен де жүйіткіп өтті қасымнан.
Өзім жайлы естімеп ем көптен сын,
ел тілеуі енді маған от берсін.
Айтылмаған сөз қалмайды, десек те,
көзді арбайды Фаризалар жеткен шың!
Өлең жолы –
қандай ғана қиын ең,
өзімді-өзім қайрай түсіп жиі мен,
быт-шыт болған ойдың басын қоса алмай,
түні бойы түнеремін, түйілем…
Қайда барар – Тұманбай кім,
Қадыр кім? –
Кезігерміз астында анау адырдың, –
деп те бүгін, ширықтырып шабытты,
шабдарымды шаптан ала тағы ұрдым!
Қиқулаған көтермесін бұлдамай,
көрсін бәрі –
көсілерін кім қалай, –
деп құйғытып кете бере…
қарасам:
қарсы алдымда…
Қаратаудай тұрды Абай!
Қас қағымда…
түспеді еске сөз бірден,
сасқаным ба, өзіме-өзім тез күлгем.
Айызымды қандырмасын бұл өлең,
оңайлықпен алдырмасын сездім мен!
Сәкен Иманасов