Кеудемде күнде қызық майдан ашқан,
қашанғы қайран шабыт қайда қашқан?
Күндер-ай, өртке де еніп, сертке берік
түндер-ай, ашына-жай аймаласқан!
Отырмын мұңданбай да,
«жынданбай» да,
келетін ағыл-тегіл жырлар қайда?
Оңаша қалушы ек-ау, арамызда
айтпаған, айтылмаған сыр қалмай да.
Өлеңді еркелетпей, өнер көріп,
кеттім бе шынымен-ақ шеберленіп?
Баяғы күндер болса –
дір еттің бе –
ырқына жүректің де көнер ме едік!
Желбіреп желмен бірге жаға, шалғай,
кетпес пе ек артымызға қара салмай,
бұл күнде Тәңірі иген шақты күтіп,
жүрмін бе ауыл-үйден әрі аса алмай!
Апыр-ай, екі кештің арасында,
жетелей жөнелуші ең дара шыңға,
бірер жыл ермеген ем,
«Пенде деген осы!» – деп,
түңіліп-ақ барасың ба?
Кеудемде күнде қызық майдан ашып,
жетсеңші баяғыдай жайнап, ашық,
арамыз ажырамай, енді мәңгі
өтейік ашына-жай аймаласып!
Сәкен Иманасов