Тепсінсе саған дейін қыл аяғы,
тірлікте, қалқам, мені кім аяды?
Түңіліп іріден де, ініден де,
көңілім құлазиды, мұңаяды.
Көрсете алмадым ба көп өнеге?
Күпсінген болам онда неменеге,
еңбегің еш кетсе егер,
не шығады
төбеле маңдайыңды, төбелеме.
Жаным-ай, арманымды білсең менің –
сен едің соңымдағы бір сенгенім.
аңқылдап ағайынға,
маңайымда
жарқылдап күні-түні жүрсең, дедім.
Тел өскен темір үзер тектім едің,
көбірек үміттендім, көп тіледім.
артықтау болды ма әлде, кім біледі,
іздеуім өз бойында жоқты менің?
Кісілік бар еді деп түп-тегіңде,
әлде мен артық міндет жүктедім бе? –
Ойласаң, көңіл қойып, осы ма еді,
өзіңнен өмір бойы күткенім де?
Түбіне жетпес дейсің ғұмыр кімнің,
қайтейін, сен де біраз түңілдірдің.
Төмендеп бірте-бірте жүзім менің,
үмітім үзілгенін бүгін білдім!
Мұндайда кешегі өткір тіл де қалып,
Отырам өзіме-өзім күнде налып:
сөзімді құлағына іні ілмесе,
айтам, деп, ақылымды кімге барып!..
Сәкен Иманасов