Отыз бесім оралғандай қайтадан,
асқақ қарап, аңырата айтам ән,
түрім қандай,
жүре берген жасарып,
үнім қандай –
аспан асып шайқаған!
Жасырғам жоқ –
зәмзәм суын ішкеннен,
қайыр тілеп алған жоқпын сұсты елден,
Сенсің маған,
қалғып жүрген шағымда
қыран демі,
құдіретті күш берген.
Көкіректе маздап жанып от кенет,
бұрынғыдай бұра тартар жоқ бөгет,
асу бермес тау тұрса да алдымда,
жау тұрса да –
барар едім бетпе-бет.
Білсең еді-ау,
қарап тұрып осы мен
қапелімде қандай ғана өсіп ем, –
күндестігін қоздырмаймын езбенің,
ағайынның білместігін кешірем.
Қас қағымда бала болып кеткендей,
айналамда аңғалың да жоқ мендей,
шалқып ішіп жүргендеймін,
дәл бүгін
көк аспанға қалқып ұшып кептердей.
Ісім оңға басып еді кеше де,
бүгін тағы сыймай барам көшеге.
Бас тартпаймын:
туған елім дәл қазір
Тау қопартып,
тас жарғызам десе де.
Көп теперіш көрмесін деп енді елден:
сенсің маған қуат берген,
дем берген, –
ұмытылып бара жатты баяғы
өзек жарған өкінішті сергелдең.
Алдырмайтын асу жоқтай енді бір,
көкірегіме толып берді мол дүбір,
түрші құлақ –
жырлады ма төңірек, –
менің ғана ырғағыма толды қыр.
Көңілімде тасып ағып бір ағыс,
тұла бойым толып тұрған бұла күш.
Кежегемнен кейін тартқан
кешегі
бойкүйездік бұғып-қашып жүр алыс.
Көкірегім қызыл-жасыл от кілең,
төбеммен де тірей алам көкті мен.
Соның бәрі –
қапелімде күш берген,
қалқам, сенің қасиетің деп білем!
Сәкен Иманасов