…Сыпсыңын естіп елдің,
сүйреңін де,
Сыя алмай кетем кейде үйге мүлде,
күледі ағайыным,
бар айыбым –
өзіңдей азаматты сүйгенім бе?
Қарамай өз басының міндеріне,
күледі күн көре алмай жүргені де,
Ойлаймын,
осылар да ғашық болып,
бір сүйіп көрді ме екен шын беріле.
Біреуі жолай алмай жүр маңыма,
күледі сол құдайдың ұрғаны да,
бұларға не дейін мен,
бәрі соның
тұрар ма сенің қара тырнағыңа!
Қинайтын жоқ әзірге басқа мұңым,
тұрады құлағымда асқақ үнің,
қараймын кекесінмен
барлығына
жүретін жігітпіз деп жас-кәрінің.
Қараймын ініге де, іріге де, –
апыр-ау, сендей емес бірі неге?
Әйтеуір, қыбырлаған,
жыбырлаған,
сөйлесе,
сыбырлаған тірі неме!
Не керек,
әйелі де,
еркегі де,
алды ғой айналдырып ертегіге,
көреді еш амалым қалмағандай,
қосыла алмағандай мен теңіме.
Алдыңда жататындар құрақ ұшып,
сыртымнан сөз боратып,
жүр алысып,
Кетер ем көз көрмеске,
жібермейді
оралып етегіме мына «күшік».
Тек қана детке қуат сенің барың,
демеймін төгілді арым,
жөнім – мәлім,
Өзің біл ақтасаң да,
даттасаң да,
әзірге осы ғана менің халім…
Сәкен Иманасов