Ежелгі өртім де сен,
дертім де сен,
Дариға-ай,
болмады бір желпінбесем.
Барады-ау жалықтырып жабы тірлік,
Сілкіне,
Саған еріп,
Серпілмесем.
Қаратпай ермесіме, көнбесіме,
Шықшы бір
Жел боп ұйтқып, сен көсіле,
Кеудемде сыңсып ағып сағынышты ән
Сала ма сазы бөлек елді есіме?!
Апыр-ау, аңсаппын-ау, асқақ үнді,
Ақдидар айқайы мол аспаныңды.
Ерсі екен – өзің барда –
Қара тұтып
Келгенім басқа қызық, басқа мұңды..
Түлеп те жатқан шақта әзір далам,
Құймас па көкірегіме сазын ғалам?
Тықыршып түр екен-ау тұлпар көңіл.
Бауыры көптен бері жазылмаған.
Дариға-ай,
бойда қуат, барда күшім,
Сен маған аққанатты арман ұсын!
Тағы да шарқ ұрайын.
Сарқылайын,
Тәтті үміт, тамашалы таңдар үшін.
Соңғылар сөкпеу үшін мені кейін,
Тағы да желпінейін, желігейін.
Елім деп, –
Өртке де еніп,
Серт те беріп,
Осынау өз еңсеммен көрінейін.
Сәкен Иманасов