Біржолата құртып елдің ындынын,
таң алдында тамылжытты-ау бұлбұл үн, –
шар айнаға қарап тұрған сәті еді,
қара шашын тарап тұрған құрбының.
Жазды күнгі жарығы еді нұрлы айдың
көкіректі бір мазасыз тырнайды үн, –
Қалқатайдың назы ма екен әлде бұл,
сазы ма екен сыңсымалы сырнайдың.
Бүлк-бүлк еткен бұғаққа ма,
төске ме,
көз қиығын салған болам сескене,
ұшар басы қарауыта көрініп,
дір-дір қағып тұрды алдымда қос төбе…
Таң алдында қара шашты құрбы үшін,
көкірегім құйқылжытты-ау жыр-құсын.
Ешкім барып Эрмитаждан көрмеген,
тұрды алдымда нұрдан құйған бір мүсін.
Сәкен Иманасов