Қара бас күспен шалдырып,
Көк теңіздін үстінде
Көтеріп желкен аштырып,
Жүк тиедің кемеге,
Ниет еттің Тәңірінің үйі Кебеге!
Жүк тиесең, кетерсің,
Ниет етсең, жетерсің,
Жетсең, тауап етерсің,
Етектеп жиған көп халқың,
Сұлтан ием, кімге асмар етерсің!..
Ашалай шалың ақталап,
Шемшірлігің ноқталап,
Шал сақалың жылаттың,
Атаңнан қалған көп халықты
Ер өзіңден соңратын
Тек бір жардан құлаттың!
Қара басты ақ күспен
Кендір баулы ақ желкен
Көк теңізді жал толқынға жектірдің!
Қара сия, ақ қағаз
Дестіге өнер төктірдің!
Бұ кеткеннен қайтпасаң,
Ел, әйелің, сәбиің
Көзінің жасын төктірдің,
Қабырғасын сөктірдің!
Едігеден туған ұғылдың
Мырзасы өзің болғансың,
Атаң қумас бурасың, һәр ісіңде турасың.
Ер өзіңден соңратын
Емен салдай батар ол.
Алыс жерден мөһрлі шұбар хат келсе,
Күйбеңдескен көп жаман
Құлағын салып тұрар ол.
Ақ ала таудың алдында
Ақ ала жылқы жусайды.
Айналдырып қарасам,
Сол жылқынын ішінде
Ат тапқандай бие жоқ.
Жолың да болсын, ау, ием,
Сен де кетіп барасың.
Енді өзіңден соңратын
Жұртқа бір лайық ие жоқ.
Темір еді биіміз,
Теңіз еді халқымыз,
Тебірлерге қалғанда
Теңселер сой-ды ауыр ноғай жұртыңыз
Соқса бір жілік сындырған,
Көк қоянның қос құлағын тұндырған,
Көгілдірдің жез қанатын сындырған,
Тегеурінді болат темірдін
Тегеуріні өзіңсің!
Айдынды көлге қал шауып,
Тоғызын соғып ұшырған
Қу сұлтаны саһарсың!
Саһарыңды сайлап қаусырған
Боз сұңқарым өзіңсің!
Тебірдің жұртта не ісі бар,
Тепкісіздің сеніменен не ісі бар,
Сұлтан ием, жұрт иесі өзіңсің!
Соқса бір қурай сындырмас,
Құладын жаман қу алмас,
Құладын қудың теңі түгіл-ді.
Тебіренсе ауыр жұртын тыңдырмас,
Тебір жаман жұрттың тені түгіл-ді.
Тіленшіұғлы Шалкиіз,
Иесі би Темірдің тұсында
Бұлтқа жете жаздады бұ мүйіз.
Иесі би Темірден соңратын
Тұқылдықтан тарсылдап,
Үзілер болғай сол мүйіз.
Әбсінде ғалым жидырып,
Ақ кітабын жайдырып,
Ай, Хан ием, сұраймын:
Тәңірінің үйі Кебені
Ибраһим Халил Алла жасапты,
Ғазырейіл – жан алмаға қасап-ты.
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі Бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты!
Жауынды күні көп жүрме,
Жар жағасы тайғақ-ты.
Жаманға жақыным деп сөз айтпа,
Күндердің күні болғанда,
Сол жаман өз басыңа айғақ-ты!
Асау тулап жықпаса,
Артқы айылдың беркі игі.
Жағаға дұспан қолы тимеске,
Артыңда туысқанның көбі игі.
Күндердің күні болғанда,
Қырға шықпас жаманның
Барынан да жоғы игі!
Арқаның құба жонында
Арыстан ойнар шарқ ұрып,
Атайы ердің тұсында
Тұлпары тұрар тарп ұрып,
Сол жаман елден кетер деп,
Артынан жақсылар қалар шақырып…
Көктеп мінген еріңнің
Астында көп жүгірер күлік бар,
Көн садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар.
Көрінгеннің бәрін де кісі демеңіз:
Күпе-күндіз тал түсте
Тараңдап түзге кетер кісі бар.
Ау, бөрілер, бөрілер,
Берімін деп жүрерлер!
Һәрбірінің баласы
Алтау болар, бес болар,
Ішінде абаданы бір болар.
Абаданынан айрылса,
Олардын һәрбіреуі
Һәрбір итке жем болар.
Шағырмақ бұлт жай тастар,
Ағытқан қойды жол бастар,
Ақ желкенді жел бастар,
Ғадыл төре ел бастар,
Батыр жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар.
Құс жинасаң – бүркіт жи,
Қыс тоныңды түлкі етер,
Бір жақсымен дос болсаң,
Азбас, тозбас мүлкі етер.
Бір жаманмен дос болсаң,
Күндердің күні болғанда,
Жүмле ғаламға күлкі етер.
Бұз үстіне от жаққан,
Бұзмай бұлан пісірген,
Мен иемнің бөрлі ала тасы едім.
Иә, ием, сенің сырың мен білем,
Менін ием би Темірдің әрі өзім
Жау көрген күн жүрегінің басы еді
Көз үстінде қасы едім!..
Арғымақ ару атлар сескенсе,
Ақ тігердін қарсы алдында жусар ма?
Ойда қазақ кеп жортса,
Беллерін күміспенен құрсар ма?
Тәңірі жанын алмаса,
Тау аралап жол салмай,
Тас аралап құс салмай,
Арқаның баурын қыдырмай,
Арғымақ ару атлар арытпай,
Жат жерлерге бармай өзін танытпай,
Өзден болмай би болмай,
Атаның батыр туған ұлына
Ойда жатмақ ұсар ма?!
Қатынасы биік көлдерден
Қатар түзеп қу ұшар,
Алға сап тіз оқ ата көрмеңіз,
Қандыауыздан сыйлы жебе сайламай;
Атаның ұлы ер жігітке
Арту-арту бел келер,
Оқтан қатты сөз келер.
Алға сап жауап бермеңіз,
Арғы түбін ойламай!
Ор, ор қоян, ор қоян,
Ор қоян атлы бір қоян,
Он екі көжек атасы —
Қаудырқұлақ шал қоян
Жүйрікпін деп мақтанбас.
Жүйрікпін деп мақтанса,
Ұзын жолдың үстінде
Оралып ойнап тұрған
О дағы бір құба арланға жолығар!
Алма мойын сам үйрек
Ана Еділден көксіген,
Көлді тастап, қырға ұшса,
О дағы бір тарланға жолығар!
Далада құлан, домбай шұбырса,
О дағы бір егеулі оққа жолығар!
Тағыдай түн түре қараған,
Таң берісіп жусаған,
Тарпандай тізесін бүгіп су ішкен
Арқада мезгілсіз жылқы жусаса,
О дағы бір аш қасқырға жолығар!
Сөйлегенде сөзі аузына сыймаған,
Еріккенде қызыл тілін тыймаған
Ғақбытлы сол жаман
О дағы бір пәлеге жолығар!
Атадан алтау тудым деп,
Салмақтама немеңді.
Салмақтасаң немеңді,
Тәңірі тесер тебеңді:
Бір жеке туғанға жолығып,
Өкпесі сонда торығар.
Балпаң, балпаң басқан күн,
Бай ұлынан асқан күн,
……………………………….
Орманбет би өлген күн,
Он сан ноғай бүлген күн.
Жез қарғылы құба арлан
Жетіп түлкі шала алмай,
Жалған аңын ала алмай,
Қорашыл төбет болған күн.
Оң қанатын теріс соғып,
Лашын құс қу ала алмай қалған күн.
Ораздының он ұлы
Ойын салып жүргенде,
Жиырлының жалғызы
Атқан оғын таба алмай,
Жер сабалап қалған күн!
Шалкиіз Тіленшіұлы