Кім бар еді өлең жаз деп зорлаған, –
көп құрдасым қой бағып та болды адам,
соның бірі келе қалса ауылдан,
Алматыда отырып-ақ…
қорланам.
Құжырадай қораш-қораш үш бөлме.
үш бөлмеге сыймайды үш-төрт үстел де.
Жолға түсіп жосыла алмай мен деген,
қосыла алмай келем бе әлі «күшті елге».
Мейман досым мекіреніп,
құймасаң,
кекіреді кеңірдектен «сыйласаң».
Мүсіркейді: «Баласың, – деп, – әлі де,
аласың, – деп, – бұдан тәуір үй қашан?»
Мен айтамын:
«Махамбетте те, Абай да
тұрмаған ғой жүз бөлмелі сарайда,
Көштен қалып келем бе мен соншама,
өлең деген баспанаға қарай ма?»
Кеңкілдеп те күлді енді:
«Әй, пәлі-ай,
көмейің де көрінді ғой байқамай,
ақын болып керегі не, тірлікті
асты-үстіне шығара бір шайқамай!
Алақаның көрген емес күлдіреп,
не бітіре қойдым, дейсің, жыр күреп.
Мен білетін Абайың да, басқаң да
естігем жоқ жаман үйде тұрды деп.
Бұл пәниден өткен күллі (ұқ, шалым!)
келді ме әлде ұлыларға ұқсағың?
Қарапайым боламын деп жүргенде
батып кете бермес пе екен қысқа күн…
Ақындарды ақта қанша, зар иле,
қырсыздығым, демейсің ғой, әрине,
Осы күнгі Олжастардың өзі де
отырған жоқ сен сияқты тар үйде!
Тарлық көрмес кісідей-ақ сомадан,
кердеңдейсің,
көңіліңде жоқ алаң.
Әбділда ағаң қос қабатты үйде отыр,
әулиемін деп жүрсің бе сен одан?»
Күйіп кеттім:
«Білетінің – кіл мазақ,
бұл өмірде кезікпей ме шын ғажап.
Көмекейін күй кернеген, кешегі
Қасымға да үй бермеген бұл қазақ!
Тірлігінде тұрмыс билеп, жоқ қажап,
қаншама ақын пәтер жалдап шекті азап,
саған барып шағынды ма біреуі,
жалынды ма –
зынданға сал, отқа жақ.
Хан-сарайға айналдырып үйді ескі,
білсең –
ақын сәт сайын не күй кешті –
көбелектей күйді барып күймеске,
бармақ тістеп,
сүйді барып –
сүйместі.
Қас қағымда күйге түсіп ол нелер,
ешкім жоқтай енді өзіне тең келер,
айналады он сегіз мың ғаламға
қарлығаштың ұясындай бөлмелер.
Кеудесіне қондырып қыс, көктемді,
күңіренді, күбірледі, кектенді, –
қораш қана құжырадай үш бөлме,
үш құрлыққа айналды да кетті енді.
Жәһаннамға жалғыз барып,
билейді ел,
ақындарды сол үшін де сүймей көр,
Қайдағы бір құрдастықты малданып,
қыжыртам деп, қытығына тимей кел.
Құдіретті күшке айналып ол демде,
еш пенденің айтқанына көнген бе,
Ұйқысынан оянғандай болады
оқта-текте сендер кіріп келгенде.
Ақын деген –
баяғыдан ар құлы,
бар оның да базынасы,
бар мұңы.
күйінің де кетер кезі аз емес,
білінеді үйінің де тарлығы.
Құрдасым-ай, айтамын деп аздап мін,
көңілдегі көп сырымды маздаттың.
Бір ағайын шошыды ма сөзімнен?
Мен болмасам –
осыны да жазбақ кім?!»
Сәкен Иманасов