Біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі болады
Министрдің айтуынша, құжатта педагогтердің мәртебесі бірінші орынға қойылып отыр. Президенттің тапсырмасы бойынша төрт жылдың ішінде 500 мың педагогтың жалақысын екі есеге ұлғайту қарастырылған. Мұғалімдерді қайта даярлау мен біліктілікті арттырудың жаңа жүйесі енгізілетін болады.
«Бұдан былай балабақша, қосымша білім және колледж педагогтері, олардың басшылары аттестациядан өтіп, жалақысы артатын болады. Педагогтердің еңбегін нормалау жүйесін енгіземіз және 2021 жылдан бастап университет түлектері реттелетін мамандықтар бойынша сертификаттаудан өтетін болады. Сонымен қатар, педагогикалық білімді жаңғырту, болашақ мұғалімдердің педагогикалық практикасын өзгерту және ұлғайту, оқу бағдарламаларын 100 пайызға жаңарту қарастырылған», — деді Аймағамбетов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Алдағы бес жылда 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен толығымен қамту жоспарланып отыр. Ал мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру үшін жеке меншік бабалақшаларға лицензия беру шаралары қолға алынады. Қауіпсіздікті күшейту үшін арнайы күзет пен бейнебақылау жүйесі кеңінен таратылатын болады.
Басшылар басқаша тағайындалады
Бағдарлама бойынша мектептерде орын тапшылығын азайту мақсатында 800 жаңа мектеп салынады. Осының нәтижесінде үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы шешіліп, апаттық мектептердің саны азаяды.
«Сонымен қоса, ауылдағы тірек мектептер үшін 114 интернат салуға 53 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Бүгінде республика бойынша 1879 мектепте спортзал мүлдем жоқ. Осыған орай, оқушы саны 150-ден асатын барлық мектепте спортзалдар салынады. 724 спортзал салуға 80 миллиард теңге бөлінді», — деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Оның сөзіне қарағанда, жаңа бағдарлама аясында барлық мектептерде заманауи физика, химия мен биология кабинеттерін ашуға 100 миллиард теңге қарастырылған.
Ұлттық бірыңғай тестілеу электронды форматқа ауыстырылады. 2025 жылға дейін 90 мың орынға арналған жатақханалар ашылатын болады. Бұдан бөлек, білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындау жүйесі өзгереді.
«Кейінгі кезде білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындау тәртібіне қатысты сұрақтар көбеюде. Мысалы, бірқатар ұйым басшылары 20 жылдан артық бір орында жұмыс атқаруда. Бүгінде басқару менеджменті бойынша, шынын айту керек, сұрақтар бар және бұл мәселе сын көтермейді. Сондықтан балабақша, мектеп пен колледж директорларын жаңа жүйемен тағайындайтын боламыз. Оған қоса, алдағы уақытта ротациялау арқылы ауыстыру жүйесін де енгіземіз», — деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Жалпы, жаңа бағдарлама аясында білім саласын қаржыландыру 6 есеге артса, ғылым саласына бөлінетін қаржының көлемі 7 есеге өседі. Барлық қаражаттың көлемі 11 триллион 578 миллиард теңгені құрайды.
Министрлер кабинеті бағдарламаның жобасын бірауыздан мақұлдады. Ал үкімет басшысы Асқар Мамин осы құжатта көрсетілген мақсат-міндеттерді орындауға тапсырма берді.
Дереккөз: sputniknews.kz