ҚЫРАНДАҒЫ БАЛА ҚАЙЫҢДАР

Көңілде кірбең, көзімде тұман,
Дəурені өткен уайымдар…
Жеттім-ау саған, айтылмаған бір əн –
Қырандағы бала қайыңдар.
Жанымды ора жапырағыңа да,
Жұмаққа мені жетелер.
Аласатып жүрген ақымаққа мына,
Аз ғана рахым ете көр!
Жақынмын саған, жатсынып қума,
Сыбырла маған, еркеле.
Мендегі тəтті бір мұңды тыңда,
Жүрегімді бірақ өртеме.
Кеудеме менің тамырын жайған
Жап-жасыл қайың əлемі.
Сан жылғы сара оянсын арман,
Айтары саған бар еді…
Бүгілтті тағдыр қаншама белін, –
Дегейсің, – жалқы жігіт қой.
Қыранның мөлдір моншағын менің,
Кірпігіме əкеп іліп қой.
Төгілер жасым көлдетіп неше,
Сенбесең қайта үзіп көр!
Сол балғын қыздың (жұбансын десең),
Суретін суға сызып бер!
Барамын таппай, сені іздеп едім –
Сағымды күннің қиялы.
Көкірегімдегі теңізге менің,
Қырандар келіп құяды…
Көңілде кірбең, көзімде тұман,
Дəурені өткен уайымдар…
Жеттім-ау саған, айтылмаған бір əн –
Қырандағы бала қайыңдар.
 
8 маусым 2002 ж

Мұрат ШАЙМАРАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *