Шегелеп біржолата қырға мені,
Сол күні
Жаңбыр жауып тұрған еді…
Айнала – Мұнары ма,
Тұманы ма?
Әйтеуір, айтып болмас мұң бар еді…
Жатса да
Құлағымды кескілеп үн,
Ештеңе сезбедім де,
Естімедім.
Көрінді кемпірқосақ сияқтанып,
Сермелген оңды-солды қос білегің.
Содан соң…
Кесіп өтіп көше төрін,
Көлеңдеп бір көрінді қос етегің…
Ащы үнмен айтып жатты нажағай да,
Ақырғы ажырасу осы екенін!
Көкірек қыжылдай ма.
Құр дәмелі.
Айнала
Адам ұқпас мұң бар еді…
Шегелеп қырға мені тастайтындай
Толассыз жаңбыр төгіп тұрған еді..
Сәкен Иманасов