ТҮНГІ ДАЛА

Поездар зымырап барады,
Алыс бір жақтарға түн қатып.
Жұлқылап оятып даланы,
Екпінін тыңдатып.
Ақ жүзін аршыған мұнардан,
Аппақ бір бояуға малынды ай.
Қап-қара рельс шұбалған –
Қасірет табындай.
Ойыңды жетелеп апарар,
Қиялдай таулардың сілемі.
Бүк түсіп жатты бұл жоталар,
Бүлк етіп жүрегі…
Соңғы бір вагонда мен бармын,
Бар тағы айдың сүт сəулесі.
Өксігі басылмай арманның,
Қыстығып кеудесі –
Отырмын ешкімге тіл қатпай,
Тірлікке секілді жаным қас.
Ескіден қалған бір жұмбақтай,
Шешімі табылмас.
Білмеймін қай жаққа шашылдым,
Қараңғы қамаған бұл алап.
Жеткендей байырғы ғасырдың,
Елесі қуалап.
Мың жылдар еш тыным алмаған,
Мұңая салғаны – өз əні.
Терезе сыртынан ол маған,
Саусағын созады.
Аһ ұрдым, күрсіндім ауырлау,
(Жер ғана көтерер салмағын.)
Қасыма шақырып алуға,
Қол бұлғай алмадым…
Ақ жүзін аршыған мұнардай,
Аппақ бір бояуға малынды ай.
Қап-қара рельс шұбалған –
Қасірет табындай…
 
11 қазан 2002 ж

Мұрат ШАЙМАРАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *