Шіркін-ай, шіркін, тастасам,
Күндерді думан құр өткен.
Өмірді қайта бастасам
Саф таза сәби тілекпен!
Білмесем мына жалғанның
Қайшылық, күдік, ұранын.
Ағарып атқан таңдардың
Артынан тұман тұрарын.
Білмей-ақ кетсем – көнер ем.
Шуағы қайсы, бұлты не.
Барымның бәрін берер ем
Бір тамшы таза күлкіге.
Гүлденген жомарт өмірде,
Болмаса тартыс жайлы ұғым.
Білмесем барын өмірде,
Бақытпен бірге қайғының.
Шындықтың құшақ жаярлық,
Бұқпайтын жерде бұққанын.
Ақылды кейде аярлық
Аяқтан шалып жыққанын.
Білмей-ақ кетсем. Жалған-ай,
Тоқтату қиын уақытты.
Не соның бәрін талғамай
Тартатын адам бақытты.
Сәкен Иманасов