НӨСЕР

Аспан – ана келе жатыр кемсеңдеп,
Қара жерде қаймығады, мен сенген.
Долы нөсер, ғашықпын ғой, өзімді,
Дəл сен ұсап баян етіп берсем деп…
Көк жүзіне көкпері бұлт шықты да,
Айдап салды тыныштықты ықтыра.
Ауық-ауық айқай салып тұрады,
Ақиқатын ұқтыра.
Алды ару күн алау жүзін қалқалап,
Ғалам мұңын тұрды таулар арқалап.
Мен қол созып үлгірмеген қайыңның,
Жапырақ – шашын өте шықты жел тарап.
Кеңістіктің сауырынан қамшылар,
Киелі қол,
Оған қалай жан шыдар?!
Кірпігіме жатты менің қамалып,
Əрі қышқыл, əрі мөлдір тамшылар…
Өзенге өксік, айта бермей көлге сыр,
Тула дала, биле дала, енді есір!
Сенің ұлы махаббатың ғарыштан,
Нөсер болып төпеп жатыр көл-көсір.
Шөліркеген ескі қорған, моласы,
Бұл өлкенің сенен өзге жоқ асы.
Сырқау шалдың қалтылдайды саусағы,
Тасбиықтың тасынан бір адасып…
 
13 сəуір 2002 ж

Мұрат ШАЙМАРАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *