ЕЛІМЕ

Тым тəкəппар, тым мұңдылау əсерден,
Ағып түскен көздің мөлдір жасы ем мен.
Тым құпия жаққа бастар жолдаймын,
Тұлпарлардың тұяғына төселген.
Тым албырттау, тым аңқаулау кезіңмін,
Уайым мұжып сірі болған төзіммін.
Сенің айтар ең алғашқы жəне де,
Ең ақырғы сөзіңмін.
Менің үшін жырдан өзге жоқ үстем,
Жырсыз болса, тірлікпен де келіспен!
Тағы сенің ең соңғы ақымағыңмын,
Диуанамен бір бокалды бөле ішкен.
Патша болсаң, басыңдағы тəжіңмін,
Ойға батсаң, маңдайыңда əжіммін.
Беру үшін шын сүюді дəлелдеп,
Лəйлі қызды іздеп жүрген Мəжнүнмін.
Сенің жасың – жанардағы іркінді,
Сен қайғырсаң қабағымда түн тұрды.
Жырлау үшін жаралдым мен өмірге,
Сенің батпан мұңыңды һəм рухыңды…
 
2002 ж. 9 мамыр

Мұрат ШАЙМАРАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *