Беу, достым, несін терледің

Беу, достым, несін терледің.
Сәл сабыр, сабыр ет сен де.
Түсінер осы жерде кім
Қаншама безілдетсең де.
Онсыз да өлең айтылып,
Жатырмыз уақыт өткізіп,
Оңаша ғана жай тынып,
Қосыла күлсең – көп қызық.
Өнерлі, дос-ау, бізді өртеп,
Қор қылдың күйді неге сен.
Әне бір ойлы жүздер тек,
«Қайтсін-ау» десін демесең.
Кім қалды мұнда күйді ұғар,
Несіне қабақ шытасың.
Ұнатпай жүрер «сыйлылар»,
Үндемей кетсең – ұтасың.
Өнеге біткен тіл, көмей,
Өзегіңді өртер, бүлкілдер.
Білгенін бүгіп, үндемей,
Отыр ғой өзге шіркіндер.
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *