Ақын емес өз әкем, алыс кеткен атағы,
Біздің үйден сонда да кісі үзілмей жатады.
Ақыл айта келеді аңқылдаған бір ағай,
Төрден орын ұсынам, шаруасын да сұрамай.
Атын айта келеді енді бірі, оңбайын,
Асым әзір оған да, жатам десе төр дайын.
Қамқор бола қалатын ағайын бар құр келмей,
Жалғыз өзі жалғанды шайқап-төгіп жүргендей.
Өзім білер мінімді өзіме айтар уайымдап.
Күтіп алам оны да орындығын дайындап.
Құрдастары әкемнің құрып тастап малдасын,
Даурығысып жатқаны қою шайға қанғасын.
Жігер беріп кетеді жұмыспен кеп кей түндер,
«Құсекеңнің баласы жарады ғой», – дейтіндер.
Келіп-кетіп жатады осылайша қанша адам,
Есік ашық бәріне, құшақ жая қарсы алам.
Маған қастық ойламас, достығыма сенгендер,
Досым болып қайтпаса, дұшпандықпен келгендер.
Үйде кісі болмаса әлденеге елеңдеп,
Аңқақ қағар анам да қашан біреу келер деп.
Есік қағу ежелден ауылымда жоқ әдет,
Күндіз демей, түн демей, біздің үйге соға кет.
Сәкен Иманасов