(Аяулы анам Ажарға ескерткіш)
Ақ сөйлеуге баулып өскен баласын,
Пейілі кең, кемел ойлы анасың!
Ізгілікті санамызға сіңірген,
Біз үшін Сіз – ұлысыз ғой, анашым!
Күйкі тірлік тақсіреті жетерлі,
Күрмеуі мол күндер жылжып өтер-ді.
Күнкөрістің күйбеңімен анашым,
Қу тірліктің тауқыметін көтерді.
Келеңсіздеу күйге түсіп қалсақ та,
Сергелдең боп сүрлеу таппай тұрсақ та,
Шыңыраудан шығар жолды табар ед,
Ұлылықты ұлағаттап ұрпаққа!
Бәрі есте,
Бәрі есте, жан ана!
Өмір жолың өнеге ғой балаңа.
Қасиетің қанға сіңді сүтіңмен,
Сезіміңді сіңірдім ғой санама.
Деген бар ғой: – «Аққа Құдай жақ болар!»
Ақ жолымен жүрген жанға бақ қонар!
Ұранымыз – ұлтымыздың мүддесі,
Ата-баба рухы да шат болар!
Мен де, Сіздей, жақсыларды жақтаймын,
Өлсем-өлем,
Ожданымды сатпаймын!
Шындық үшін шыбын жаным садаға,
Әділеттің ақ жолынан қайытпаймын.
Төребай Сәрсенбаев