Өмір жолың өнеге ғой

Ағын судың көзі мөлдір бұлақта,
Өнер-білім жеткізеді мұратқа.
Жанұяң мен жұмысыңа жандас та,
Біліміңді шыңда, балам, бірақ та!
Қалт еткенде кітап алғын қолыңа,
Көңіл қиып көзіңді сал жолына.
Құнды пікір,
Ұлағатты сөз болса,
Ұғып оқы,
Жетіп қойғын соңына.
Әлі жассың,
Келешегің алдыңда.
Тірлігіңді бір қалыпқа салғын да,
Жан досыңдай жүрегіңмен жандасып,
Кітап көрсең парақтағын, алғын да
Ақ-қараға көзің, балам жеткесін,
Ойлап іс қыл,
Босқа өмір өтпесін.
Уақытқа үстемділік жүрмейді,
Күндер кейін қайтпайды ғой өткесін.
Тіл үйренгін,
Көптік етпес білгенің.
Есте қалар жас кезіңде ілгенің,
Кезі келіп қажетіңе жарайды,
Болса егер көңіліңе түйгенің.
Қыңыр іске, қалқам, үйір болмағын,
Біреулерге түспесін де салмағың.
Ісің нәзік,
Көптің көзі өзіңде,
Құлыным-ау,
Сөзге ілініп қалмағын!
Ықыласпен істегейсің беріліп,
Жүрмегейсің сәл нәрсеге ерініп.
Жан күйдіріп жұмысыңа жұғысқын,
Қылған ісің тұрсын көзге көрініп.
Сыйласың да, сырласың да-жан жарың,
Өміріңнің жалғасы ғой балдарың.
Өсіп-өніп,
Өрістерің кеңейіп,
Мерейлерің үстем болсын, жандарым.

Төребай Сәрсенбаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *