Тірлігім қайсы, тәтті өмір,
Күліп те қабақ шытпасам.
Қалғып та кетіп сәтке бір
Сүрініп барып, тік басам.
Келемін әйтеу жүгіріп,
Өтпесін деумен босқа әр күн.
Алдап бір кетсе гүл-үміт,
Қасынан шығам достардың.
Арманмен алыс тілдесем,
Күй төгіп күмбір кеудеден.
Тіршілік атын мінгесем,
Еңбегім жансын деуменен.
Өзіме тіпті кешірмен, –
Көңілді жайлап түңіліс,
Төл кінә, басқа кесірден
бітпесе түйір бүгін іс.
Мен кіммін – тірлік… бір күнгі от,
Жылтырап қана алдаса,
«Сол үшін өмір сүрдім»… – деп
Айтуға қақым болмаса.
Сәкен Иманасов