Біздің үйдің іргесінде бар жадағай төбешік.
Жасыл кілем сықылданып жатады ылғи шөп өсіп.
Сол төбеге кешкілікте текеметті жайып сап,
Отырамын ақсақалды аталармен кеңесіп.
Таусылмайтын жыр-хикая… бір тарих бір кеуде,
Соқтықпалы соқпақтар бар, оқиғалы сүрлеу де.
«Ырылдасқан ит өмірді» бәрі, бәрі ұмытқан,
Жоқ оларда бас араздық, көңіл қылу, күндеу де.
Бірі қызық бір хикая шежіреден бастайды,
Бірі кезді сөз етеді – байтал түгіл бас қайғы.
Енді бірі саясатты, саясатты жіліктеп,
Арғы-бергі жаңалықтан бір қайырып тастайды.
Қәриялар, кәриялар… алдыңғысы жүзге енген,
Соңғысының жасы үш есе артық мына біздерден,
Қатпар-қатпар қалың әжім… қалың ойлар – ну орман
Айдалада адасып та қалам кейбір ізден мен.
Оқиғалар, оқиғалар… бесжылдықтар… сүргін кей
(өткеніме өкінбестей өмір сүре білдім бе, әй?)
Бір күндер бар бір адамның ғұмырына бергісіз
– Бір өмірлер болады екен өтер, кетер бір күндей.
Сәкен Иманасов