Иншаллах, Құдай құлы мұсылманбыз,
Жақсыға мейір қолын ұсынғанбыз.
Аруақты аталарды атай алмай,
Кезінде рас аздап, қысылғанбыз.
Қашанда тәңір болған табынғаны,
Мына елдің рас Сізді сағынғаны.
Қауыштырған Қанарбай атамызбен,
Бұл-дағы бір жоғының табылғаны.
Ханның да құлақ салмай әміріне,
Табынса табынған тек тәңіріне.
Не құдырет мына жұртты жиып тұрған,
Иман ба, мұсылмандық тәлімі ме?
Көрікті Кокалдашда алып білім,
Аңсаған туса екен деп жарық күнім.
Атағын Қызылқұмның аспандатып,
Жатсың ба жайбарақат, жарықтығым?
Кем көрмей Омар, Әли әзіреттен,
Атыңды есіткен ел тағзым еткен.
Су тасып елеуішпен таң қалдырдың,
Қылжақбас құрбыларды әзіл еткен.
Атыңды тілге аламыз тарыққанда,
Жаманнан зұлым көріп, қамыққанда.
«Дайте» деп Брайлов та аталапты-ау,
Бір тамшы қара суға зарыққанда.
Адалдық, тазалықтың айнасы боп,
Жерідің желікпеден пайдасы жоқ.
Үстінен аттап өтіп кете алмапты,
Алаяқ не сұмпайы айласы көп.
Жамаумен етік, мәсі сірісін де,
Танытқан құдыретін тірісінде.
Әулие, әнбие деп айттық рас,
Исі мұсылманның пірісін де.
Шүкір деп көргеніне айды аман,
Алланың ақ жолынан айнымаған.
Басына құран оқып ұл-қыздарың,
Ұрпағың ақ құшағын жайды саған.
Көмілсе көмілсін деп санам шыққа,
Әрқашан қол созамын Адамдыққа.
О ата, мәңгі тұршы, ұрпағыңды,
Шақырып, имандылық адалдыққа.
Айналған тірісінде-ақ аты аңызға,
(Ақиқат жатады ғой заты аңызда)
Әумин, дұға оқиық аруаққа деп,
Және де жыр оқиық Атамызға!
Ақшагүл Төлегенова,
Науай облысы,
Кенимех ауданы.